Павлодарда өз көлігіне мініп отырған әйелге қоқан-лоққы көрсетіп, пышақпен қорқытқан адам іздестіріліп жатыр. Әйелдің көлігіне отырып алып, одан жүруді талап еткен күдікті тапа-тал түсте әйелге тап берген көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Зәбірленуші 37 жастағы келіншектің сөзіне сенсек, ол аялдама маңына тоқтап, күйеуін күтіп тұрыпты. Сол сәтте көлігінің есігі ашылып, артқы орындыққа қара түсті медициналық бетперде киген жігіт отыра кеткен екен.
"Артыма қарап, бірден оның шығуын талап еттім. Ол маған "Үнсіз алға жүр, мен қарулымын. Күш қолданбай тұрғанда жүр" деді. Жүріп кеттім, жол бойында орындығымды артқа қарай жылжытып көрдім. Мұны байқаған жігіт полиция ізіне түскенін айтып, айғайлай бастады. Өлтіре салу түкке де тұрмайтынын айтты", - дейді қатты қорқып қалған қала тұрғыны.
Бағдаршамға жеткен кезде әйелге жұбайы қоңырау шалыпты.
"Тұтқаны көтердім де, есікті ашып қалдым. Осы кезде артта отырған жігіт маған қарай пышақпен ұмтылды. Кілтті шығарып үлгеріп, қашып шықтым. Тапа-тал түсте қаланың орталығында осындай шабуыл жасайды деп ойламаппын. Зәрем зәр түбіне жетті. Қорқып қалғандықтан басқа көліктегі адамдардан көмек сұрай бастадым. Ессіз біреу деп қарап отыра берді. Ешкім есігін ашпады, тоқтап тұрған "Газельге" отырып алдым", - дейді сасқалақтаған келіншек.
Осы жағдайдан кейін тал түсте күтпеген жағдайға тап болған келіншек, дереу полицияға арыз жазған. Тұрғынның арызы бойынша қазіргі таңда 25-30 жас аралығындағы еуропалық бет-әлпетті ер адам іздестіріліп жатыр. Ол Honda Accord көлігінің салонынан 9000 теңге көлемінде ақшаны алып, кейін көлікті айдап кетпек болған.
Полицейлер суреттегі ер адамды танығандар болса 102 немесе 8-718-2-39-15-11 нөмірлеріне немесе Павлодардың Орталық Полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарласуды сұрап отыр.
Ескерте кетерлік жайт, хабар берген адамның аты-жөні жария етілмейді.