19.02.2020, 04:35

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көктемде су басуы ықтимал 37 аумақ бар

фото: tengrinews.kz
Бас қалада жалпы ұзындығы 390 шақырым суағар бар. Соның 27 шақырымы тозған. Жөндеу керек. Әсіресе, Тәшенов, Бараев көшелері мен Тәуелсіздік, Республика даңғылдарындағы жағдай өзекті.

Бас шаһарда 30-дан астам аумақты көктемде су басуы мүмкін. Әсіресе, қала шетіндегі тұрғын алаптарға қауіп төніп тұр. «Астана» су қоймасындағы жағдай қалай? Жергілікті билік өкілдері көктемге қаншалықты қамданған? Биыл ақ ұлпа 2018-2019 жылдардағы нормадан 3 есеге көп жауды, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Бас қаланың аумағында көктемде су басуы ықтимал 37 аумақ бар. Әсіресе, Қараөткел, Өндіріс, Агроқалашық тұрғын алаптары алаңдатады. Ал қалалық әкімдік өкілі даурығуға негіз жоқ дегенді алға тартты. Себебі, су тасқынына қарсы кешенді жоспар бекітілген.

«Осы жоспардың аясында барлық магистральдар, аулаішілік жолдар қардан тазартылып жатыр. Өзендердің деңгейі тексерілді. Алаңдатарлық емес. 9 шақырым арық тазаланды. 330 адам, 91 техника дайын. Жанармай жеткілікті. Тұрғындарды көшіру керек болса, 4 қонақ үй әзір тұр», - дейді Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің басшысы Александр Терещенко.

«Астана» су қоймасы да орта. Қазір мұнда 242 миллион текше метр су бар. Бұл дегеніңіз қойма тек 58 жарым процентке толы деген сөз. Алдағы уақытта еріген қарды осы қойма қабылдай алады. Еріген қар су қоймасына жеткенше қаланың ішін алып кетпей ме деген сұрақ туындайды.

Әкімдік өкілі «суағарлар жаппай тазартылады» деді. Реті келгенде айта кетейік, бас қалада жалпы ұзындығы 390 шақырым суағар бар. Соның 27 шақырымы тозған. Жөндеу керек. Әсіресе, Тәшенов, Бараев көшелері мен Тәуелсіздік, Республика даңғылдарындағы жағдай өзекті.

Тәшенов көшесі мен Республика даңғылындағы көпірдің астын көктемде қар ерісе, яки жаңбыр жауса су басады. Министрліктер үйінің алды мен Бауыржан Момышұлы даңғылы да солай.

«Бауыржан Момышұлы даңғылында жаңадан суағарлар салынып, ескілері жөнделеді. Тиісінше, арнадан ағатын су көлемі 8 мыңнан 21 мың текше метрге дейін ұлғаяды», - дейді Александр Терещенко.

Биыл қалада жаңадан 11 суағар салынады. Тар арналар кеңейтіледі. Бұл бағытта 16 жоба қарастырылып жатыр. Сондықтан аталған көріністер алдағы уақытта қайталанбас деген үміт бар.

Тегтер: көше су көктем