$ 514.65  544.6  5.17

Полиция соттасқан блогердің басына тағы да қара бұлт үйірілгелі тұр

Оралда полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған жол ережесін бұзу және жол апаты фактілерін бірнеше рет видеоға түсірген Бөкенов департаменттің сотқа арыздануын өзінің аузын жабу мақсатымен жасалып отырған қысым көрсету әрекеті деп біледі.
Фото: perfect-raise.ru
Фото: perfect-raise.ru

Полицейлердің жол ережесін бұзғанын видеоға түсірген оралдық блогер Айболат Бөкенов сотқа тартылды. Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті оның үстінен "ар-ожданы мен іскерлік беделін қорғау" бабы бойынша сотқа шағымданған, деп хабарлайды Азаттық.

 Блогерге қарсы тағы бір талап арыз әкімдік қаржысына жұмыс істейтін газеттің қызметкерінен түскен. Былтыр осы адамның арызы бойынша блогер әкімшілік сотқа тартылып, қамауда отырып шыққан. Ақпанның 18-і күні Бөкенов тергеуге алынғанын естіген.

"Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің" деген ырым бар. Егер расымен солай болса, 2020 жылы блогер Айболат Бөкеновтің басына қара бұлт үйірілгелі тұр.

Оралдық блогер жаңа жылды мерекелік дастархан басында емес, темір тордың арғы жағында отырып қарсы алған. Ал жаңа жыл басталғалы бері бір жарым айдың ішінде Бөкеновтің үстінен екі азаматтық талап арыз түсті. Бірінші арыздың иесі – Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті. Өткен жылдың соңында блогерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға себеп болған екінші арызды жеке тұлға берген. Желтоқсанның 27-сі күні кешке сот Айболат Бөкеновті жергілікті "Пульс города" басылымының қызметкеріне "қасақана дене жарақатын салғаны үшін" айыпты деп тауып, бес тәулікке абақтыға қамаған.

"Мен қаңтардың 1-і күні күндізгі сағат үште, тіпті, төртке жақын босап шықтым", - дейді блогер.

Қамаудан шыққаннан кейін бір айдан астам уақыт өткенде Бөкенов өзінің үстінен полиция департаменті "ар-ожданы мен іскерлік беделін қорғау" бабы бойынша сотқа арыз түсіріп, блогер таратқан ақпаратты теріске шығаруды талап етіп отырғанын естіді. Оралда полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған жол ережесін бұзу және жол апаты фактілерін бірнеше рет видеоға түсірген Бөкенов департаменттің сотқа арыздануын өзінің аузын жабу мақсатымен жасалып отырған қысым көрсету әрекеті деп біледі.

Департаменттің арызына Бөкеновтің өзі түсірген видеолар жайлы республикалық арнаға берген сұхбаты себеп болған. Блогер сұхбатында 2018-2019 жылдары өзі заңбұзушылық фактісі деп санайтын 92 жайтты видеоға түсіргенін айтқан.

"Ақпарат құралы арқылы жасалған мәлімдеме шындыққа жанаспайды, өйткені Бөкенов полиция департаментінің басшысы Аблазимовтың атына 2018 жылы бір рет жазбаша, 2019 жылы бір рет ауызша шағым берген. Аталған шағымдар негізінде тиісті шаралар қабылданған. Бөкеновке бұл туралы хабарлама жіберілген. Тағы бір заңбұзушылық туралы дерек әлеуметтік желіге жарияланды. Сонда Бөкенов айтқан 92 заңбұзушылықтың үшеуі ғана тіркелген, қалған 89 факті шындыққа жанаспайды" деді бірінші сот отырысында полиция департаментінің өкілі Алмажан Сисенғалиева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары