Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының орталығына жаралы елік кіріп кетті. Есілдің сол жағалауындағы ЭКСПО ғимаратының тұсында, жол жиегінде шауып бара жатқан қоңыр аңды көшеде онымен қапталдаса жүрген автокөлік ішіндегі тұрғын видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жігіттер, қараңдар! Целиноград... Астананың ішінде жүр. Астана, 20 февраля. ЭКСПО. Мә, қан ағып жатыр... Сағат он бір жарым... Обал-ай!» - дейді видео авторы.
Одан кейін дереу жергілікті табиғат қорғаушылар мүйізінен жарақат алған елікті ұстап, жарасын емдеді.
«Бүгін күндіз әлеуметтік желілер арқылы елордада шауып жүрген еліктің видеосы тарап кетті. Видеоматериалды көргеннен кейін біз елікті іздестіру жұмыстарына бірден кірісіп кеттік. Өзіммен бірге Ақмола облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі испекциясының мамандары Ұлы Дала, Мәңгілік ел, Тұран көшелерін аралап, Мега ОСО, Экспо, Назарбаев университеті жағын көріп қайттық.
Арада бір жарым сағат өткенде елік жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің маңынан табылды», - деп жазды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет facebook парақшасында.
Түз тағысы мүйізінен жарақат алған көрінеді. Елікті ұстап алғаннан кейін табиғат қорғаушылар оны ветеринарлық қызмет орталығына апарған.
«Ветеринарлар еліктің жарасын емдеп, уақытша өздерінде қалдырды. Мамандар белгілі бір мерзім ішінде елікті бақылайды. Жағдайы жақсарса, қайтадан далаға қоя береді», - деп жазады ол.
Сәкен Ділдахмет елорданың маңында жабайы аңның мол екенін айтады. Түз тағысы ақтүтек бораннан адасып немесе азық іздеп қалаға кіріп кеткен болуы керек.
«Өткен жылы да осындай жағдай тіркелген. Осы жағдайға бей-жай қарамаған азаматтарға алғысымызды айтамыз. Егер қандай да бір жабайы аңды көріп қалсаңыз, 8(7172) 749170 немесе 87755050155 нөміріне хабарласуыңызға болады», - дейді ол.