Түркістан облысының Қазығұрт ауылындағы мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Бейбарыс Нұралы мектеп ауласынан ес-түссіз күйде табылды.
Аудандық білім бөлімі ауруханаға жетпей көз жұмған баланың ажалы өзінен болғанына сенімді. "Денсаулығы сыр беріп, өзі құлауы да мүмкін" дегенімен, полиция "абайсызда кісі өлтіру" бабымен тергеуді бастады, деп хабарлады КТК-ға сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сыныпта екі күннен бері маза жоқ. Сыныптастары сегіз жыл бойы бірге оқыған Бейбарыс Нұралының жоқ екеніне әлі сене алмай жүр. Партасы бос тұр. Сейсенбі күні соңғы сабақ – дене шынықтыру пәнінен шыққан Бейбарыс үйіне жете алмаған.
"Мен келген кезде оның басы мына жақта, аяғы ар жақта болған. Мойны жібермей тартылып қалған болатын", - дейді оқушылардың бірі.
Мұғалімдер сұлық жатқан баланы дереу аудандық ауруханаға жеткізгенімен, 14 жастағы Бейбарыс тілге келмей көз жұмады. Мектептің бірнеше жеріне қойылған камераға Бейбарыстың құлаған жері түспей қалыпты. Дегенмен өз тексерісін жүргізген білім бөлімі баланың соңғы сабақта бозарып отырғанын және сол күні мектеп ішінде сыныптасымен шекісіп қалғанын анықтаған.
"Ішкі істер бөлімі бейнебақылау арқылы баланың Асанов Рамазан деген оқушымен, яғни өзінің сыныптасымен жанжалдасып қалғанын анықтады", - дейді Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы Асан Үйсінбаев.
Тексеріс енді басталды десе де, білім бөлімі балалардың жабылып соққанын жоққа шығарады. Оқуда жүріп талып қалғанын мектептен емес, көшедегі біреулерден естіген Бейбарыстың әкесі, оған сыныптастары жабылғанын айтып, мектеп басшылығы абыройын төкпес үшін жылы жауып отырғанына сенімді.
"Сыныптағы бір оқушы бес бала Бейбарысты теуіп жатқанын көрдім дейді. Кейін ол талып қалғанын айтты. Балам талған жоқ, сол кезде жанды жеріне тиіп көз жұмған. Анам екеуіңізді асыраймын. Менде мал болады, қора болады деген еді. Арманы сол еді, арманымен кетті", - дейді марқұмның әкесі Ғабиден Батырханов.
Ал әуелде "Бейбарысты құрдасы итеріп қалып, содан құлап өлді" деген полиция, енді алғашқы жауабынан айнып, "кінәлілер әзірге анықталған жоқ" деп отыр.
"Қазақстан Қылмыстық кодексінің 104-бабымен қылмыстық қозғалды. Бала өлімінің нақты себебі тек сараптама қортындысынан кейін айтылады. Оны жарты айдай күту керек", - деп түсіндірді Қазығұрт аудандық ПБ бастығы Арман Ақшораев.
Ал мектепке кетіп, мүрдесі мәйітханадан бір-ақ шыққан Бейбарыстың жақындары оқушылардан өзге мектеп басшылығы да жауапқа тартылсын дейді.