Семей сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы Бақтияр Сәлімов пара алу қылмысы бойынша жауапқа тартылды, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Шенеуніктің жүйелі түрде пара алып отырғаны белгілі болды. Оған қатысты тергеу амалдары өткен жылдың күз мезгілінде басталған еді.
ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ақпараты бойынша, Бақтияр Сәлімов 2019 жылдың қыркүйек-қазан айларында экскиздік жобалар мен үлгілерді бекіту үшін кәсіпкерлерден пара алып отырған.
Шенеунік өз кінәсін мойындаған. Сот шешімі бойынша, қаланың бұрынғы бас сәулетшісіне 8 миллион 785 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.