26.02.2020, 11:40

Елордада ғимараттардың бірыңғай дизайн-коды қабылданды

Дизайн-код стилистикалық тұрғыда бірыңғай, жайлы әрі қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру мақсатында қабылданған бірқатар ережелер мен ұсынымдардан тұрады.

Елорда әкімдігінде қолжетімді және коммерциялық тұрғын үй, әлеуметтік және мәдени нысандар құрылысы талқыланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, әкімдік сайтына сілтеме жасап.

Алтай Көлгінов жетекші құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесуде құрылыс нысандарын салушылар бірқатар ұсыныстарын айтты. Қала әкімдігі көтерілген мәселелерді нысанаға алды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов құрылыс жұмыстарының сапасына тиісті көңіл бөлу қажеттігін ескертті.

 "Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу - біз үшін басты міндет. Бұл істе әкімдік барынша қолдау көрсетіп келеді, көрсететін болады да. Алайда сіздердің тараптарыңыздан да барлық қажетті талаптар орындалу керек. Олардың қатарына құрылыс сапасы, жұмыс кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлерге уақытылы жалақы төлеу жатады. Мемлекет басшысының тапсырмасына  сәйкес биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі үш есе артады. Бірлесе құрылыс қарқынын арттыруымыз қажет", - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

 Елордада бірыңғай дизайн-код қабылданды. Дизайн-код стилистикалық тұрғыда бірыңғай, жайлы әрі қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру мақсатында қабылданған бірқатар ережелер мен ұсынымдардан тұрады.

Дизайн-код ғимараттардың қасбеттік элементтеріне және көше-жол кеңістігіне бағытталған. Сондай-ақ, шағын сәулет нысандарын, абаттандыруды, әрлеу материалдарын қолдануды, түс шешімдерін, жарнамалық құрылымдардың мөлшерін ескере отырып, ғимараттардың қасбеттік бөлігінен көше-жол желісінің қазіргі жағдайын түзету қарастырылған.