«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметіне сәйкес, қымбат нөмірлерді сатып алушылар тізімін Алматы қаласы бастап тұр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Сонымен, алматылықтар 1,2 миллиард теңге көлемінде 4,5 мың нөмір сатып алса, одан кейінгі VIP нөмірлер қалған екі мегаполисте үлкен сұранысқа ие болған. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда 2 мыңға жуық, Шымкентте 1,5-тен астам нөмір сатылған. Ал бұл тізімді түйіндеген Солтүстік Қазақстан облысында әдемі нөмірлерге 99 адам ғана қызығыпты.
«Қазір VIP нөмірлердің сатылымы төмендеуде. Егер 2019 жылы мамандандырылған ХҚО арқылы қазақстандықтар жалпы сомасы 3 миллиардтан астам теңгені құрайтын 12,5 мың әдемі нөмірді сатып алса, 2018 жылы 3,5 миллиард теңгеге 15 мыңдай VIP нөмір сатылған. Бұл жарты миллиардқа көп» делінген хабарламада.
Статистикаға сәйкес, өткен жылдың қаңтарында Алматыда 136 450 100 теңгеге 541 нөмір сатылған. Ал 2020 жылдың қаңтарында сол сомаға (136 450 100 теңге) 503 нөмір сатылған.
«Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 маусымынан бастап керекті сандар мен әріп белгілері бар нөмірлерді мамандандырылған ХҚО-лар мен ІІМ арнайы тіркеу-тестілеу бөлімшелерінен алуға болатын. Енді бұндай нөмірлер мамандандырылған ХҚО-да ғана қолжетімді. Олармен арнайы қабырға стендтерінен танысуға болады.
Егер қалаған нөмір стендте жоқ болса, қызмет алушы алдын ала сандық және әріптік белгілерді анықтап алып, тапсырыс бере алады» делінген хабарламада. Ал тапсырыс Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары үшін 5 күн, қалған аймақтарға 15 күн ішінде дайын болады. Нөмірлер әзірленгеннен кейін ғана автокөліктер тіркеледі.