Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Республикалық қазақ күресі федерациясының бірлескен Конгресінде сала мамандарының қолдауымен Qazaq kuresi қауымдастығы құрылды, деп хабарлайды «Айқын» газеті.
Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы Конгресі болып өткен жаңа қауымдастықтың президенті қызметіне Кәрім Мәсімов сайланды.
«Біздің негізгі мақсатымыз – қазақ күресін олимпиада ойындарының қатарына кіргізу. Қауымдастық өз кезегінде халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс жасай отырып, қазақ күресін Олимпиада бағдарламасына енгізу жолында жұмыс жасайды», - деді ол.
Сондай-ақ, Кәрім Қажымқанұлы осы уақытқа дейін қазақ күресі саласында жұмыс жасап келген ұйымдардың бір қауымдастық аясына бірігуін үлкен жетістікке балады.
Қазақ күресін әлемдік аренада дамыту мақсатында қауымдастық Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.