Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкенттегі Дендрологиялық саябаққа отырғызған ағашы бүр жармай қалыпты. Жері ерте көктемде-ақ көктейтін өңір тұрғыны кеше сол орынды видеоға түсіріп, Youtube арнасына жүктеп жіберген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айта кетсек, 140 гектар аумақты қамтып жатқан бұл саябақ 1979 жылы Шымкент шаһарындағы бұрынғы күл-қоқыс орнында (свалка) бой түзеген. Ерекше атап өтерлігі, Дендрологиялық саябақтың негізін көрнекті қоғам қайраткері Асанбай Асқаров қалаған. Содан бері онда 560 түрлі ағаш отырғызылыпты.
Ағаштар, тіпті, Еуропа, Қиыр Шығыс, Сібір, Қырым, Кавказ, Орта Азия, Солтүстік Америка, Шығыс Азия аймақтарынан жеткізілген. Соның ішінде ол топыраққа алғашқы жасыл желекті Асанбай Асқаровтың өзі қадады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше ағаш отырғызған.
Енді міне, күніне кемінде мыңнан астам адам серуендеп келетін орында елбасының отырғызған ағашы бүр жармай қалғаны ыңғайсыз-ақ. Сол себепті, видеоны көрген көпшілік пікірлерін халық арасында кеңінен тараған белгілі мәтелмен жазуда.