Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшылар партиясының 60 өкілі жексенбіден дүйсенбіге қараған түні арнайы операция барысында өлтірілді деп хабарлайды BNO News.
Антитеррористік операция елдің оңтүстік-шығысындағы Ширнак провинциясында орналасқан Жизра қаласында жүргізілді. Арнайы жасақ өкілдері жертөлеге басып кіріп, онда жасырынған 70 адаммен атыс жүргізген. Салдарынан олардың 60-ы қаза тапты. Ал, құқық қорғаушылар тарапынан қанша сарбаздың шығын болғаны айтылған жоқ.
Айта кетейік, желтоқсан айының ортасынан бері Жизра қаласында шамамен 800-дей күрді азаматы өлтірілген. Адамдар құқығын қорғау ұйымдарының айтуынша, көз жұмғандардың қатарында бейбіт тұрғындар өте көп. Мәселен, 2015 жылдың 16 тамызынан 2016 жылдың 10 қаңтары аралығында 162 бейбіт тұрғын Түркия құқыққорғаушыларының тарапынан өлтірілген.
Күрдістан жұмысшылар партиясының басшылары өздерінің ешқандай лаңкестік ұйым емес екенін айтып, әлемнен көмек сұрап келе жатқанына да біраз болды. Аталған ұйым автономия алып, өз халқының тыныштығы үшін күресуді мақсат тұтқан.