Атыраулық журналист Алтынай Серікбай facebook парақшасына осыдан үш жыл бұрын астаналық егделеу әріптесінің жұмысқа орналастыру үшін «кешкі шәйға» шақырғанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жазбасына «Астанадан жұмыс керек болса, ағаңмен кешке шәй іш!» деп тақырып қойған әріптесіміз «жаға ұстатқан» сол бір жайтты бұрын жария етуге қорқақсоқтап жүрсе, ендігі ретте көпшілік үшін таңсық болмай қалса да жасырудың қажеті шамалы деп шешіпті.
«Астанаға аты дардай жүлде ұтып алып, ұшып бардым. Ел ағалары марапаттайды екен. Ішінде өзім сырттай қатты құрметтейтін (осы жағдайға дейін), әлгі әңгімені «елім-жұртым, қайран менің қазағым» деп бастайтындардың бірі бар. Типы ел үшін жүр.
Шара басталды. Марапатты алдым. Әлгі кісі «Хабар» арнасына сұхбат беріп болды да қасыма келіп, қолымды алып танысты. Мен мәз. Әңгімемізді тағы бір журналист бөліп жіберді. Басқа жеңімпаздармен сөйлесіп тұрған кезде республикалық бір газеттің бас редакторы жаныма жақындап, «Қарындасым, Астанада жұмыс істегің келмей ме?» деп сұрады. Мен іштей «урааааа! Ооо, қабілетімді байқаған ғой» деп қоям. Сырттай сәл жымиып, «Иә, аға. Нақты ұсыныс болса, келем ғой» дедім.
Сол кезде әлгі кісі «онда сен Бәленше ағаңмен кешке шәй ішуге бар. Ол кісінің күшті ұсынысы бар» деді. Дәл осылай. Түсінбей қалдым. Шынын айтайын, басында миым қорытқан жоқ. «Аа, иә» деп төменгі қабатта болатын кешкі асқа қарай бет алдым. Бір кезде екінші редакцияның басшысы «Атыраулық қарындас, қалай жеттіңіз?» деп артымнан қуып жетті», - дейді Алтынай Серікбай.
Бар пәле сол «қуып жетуден» басталған. Ол сәл сөйлескеннен кейін: «Ағамен аралас. Жаман болмайсың. Жақсы жұмысқа тұрғызып береді», - деп іші-бауырына кіре бастапты.
«Воотт, осы кезде селк еттім. Бірден ойыма жаман нәрселер келді. Үндеген жоқпын. Типа күлген боп көзіммен таныс журиктерді іздей бастадым. «Қалай қашам? Қазір алып кетсе, қайтем?» деп кино ойлай тастадым... Еще мен марапат алған кезде әлгі шалдың осы екі кісіге мені қолымен көрсетіп, бірдеңе айтқаны есіме түсті.
Кешкі ас басында Елбасының сарабдал саясаты, қыртым-шыртымы айтылды, мақталды. Әлгі ағайдан он километр алыс жерде жүрсем де, ол асты-үстіме түсіп әлек. Нәр татпадым. Бар ойым – ғимараттан қашып шығу. Бір кезде шараны жазуға келген бір сайттың журналисті, таныс ағам сұрақ қойып, ана кісіні алаңдатты. Мен заттарымды қолыма алып, ұйымдастырушылармен қоштаспастан тайып тұрдым», - дейді «ағасынан» артық реакция күтпеген қыз.
Шыға сала, «Керуен» сауда ойын-сауық орталығына «екі өкпесін қолына алып» жеткен ол, таңертең ауылына қайтатынын жанына жұбаныш етіпті. Алайда, әкесінен үлкен кісінің пасық әрекеті көңіл түкпірінен кетпей қойған.
«Ауылға келдім. Жүлдеге ризамын. Арада бір күн өтті. Ұмытуға тырыстым. Кешке жұмыстан шықсам, дыбыссыз режимде қалған телефоныма 4 рет қоңырау келіпті. Кері соққанша үлгертпей, жаңағы бейтаныс нөмір хабарласты. Кім дейсіз ғой? Әлгі шал. Шошып кеттім. Жас балаша ыржалаң-ыржалаң, әңгімені жіберіп тұр. «Қалайсың?» деп қояды. Аяқ-қолым дірілдеп, жылағым келді.
Жақын адамыма айттым бәрін. Нөмерді уақытша блокқа қойдық. Кейін бір таныс таптық. Әлгі шалдың әріптесін. Бір айға жақындағанда нөмірімді кері қостым. Но ол соққан нөмерлерді блокқа салдым. Ұмытылды» деп жазды одан әрі, қыр соңынан қалмаған шалекеңнен әбден запы болған шарасыз тілші.
Бірақ, «қыз қуу» бұнымен бітпеген. Күндердің күнінде сол «кешкі шәй ішкісі келген» сабаз басқа нөмірмен телефон соққан. «Жақында Атырауға барам» деп. «Күт» дегені. Сол кезде «қорқа-қорқа батыр болған» бойжеткен де қарап қалмай, оған әлгі атыраулық әріптесінің жақын қарындасы екенін сыпайылап жеткізген. Сонда ғана жаны тыныштық тауыпты.
«Мен сонда да әлгі шал ауылға келгенде қорыққаннан үйден шыққан жоқпын. Содан кейін, тіпті, адал ниетті, лауазымды үлкен кісілер күліп сөйлесе, іштей үркіп тұратыным бар», - деп түйіндеді ол жазбасын. Ал «өзі қартайса да танауы қартаймаған» астаналық әріптесі табанда тағы ұшырасып қалса қайтер екен? Ойлаудың өзі ұят-ау...