$ 494.87  520.65  4.91

«Төлқұжат көрсеткен әр адам екі маска ғана алады» - Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы

Қазақстандықтардың көбі мұнда заңсыз жұмыс істеп жүргендіктен, төлқұжаты болмағасын маска алуға қорқады.
Фото: veved.ru
Фото: veved.ru

Коронавирус көп тараған Италия, Оңтүстік Корея мен Испаниядағы қазақстандықтар ол елдердегі жағдайды баяндады. Олар Оңтүстік Кореяда медициналық масканы төлқұжат бойынша беретінін, ал Италияның Милан қаласында дүкен, кафелерге кезекпен кіргізетінін жеткізді, деп хабарлайды, Азаттық радиосы.

"Өмір жалғасып жатыр. Бүкіл Кореяда маска қымбаттады және масканы төлқұжат бойынша береді. Яғни, дәріханада қазір бір маска 1-1,5 доллардан сатылады. Төлқұжат көрсеткен әр адам екі маска ғана алады. Қазақстандықтардың көбі мұнда заңсыз жұмыс істеп жүргендіктен, төлқұжаты болмағасын маска алуға қорқады. Ал супермаркеттерде бір маска 3-4 доллардан сатылып жатыр. Оның өзінде маркеттерде маска тапшы", - дейді Оңтүстік Кореяның Чолла-Намдо қаласында жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы Нұрдәулет Шадмахамбетов.

Кореяның Дэчон қаласында оқитын қазақстандық студент Рамазан Әбдікәрімов Азаттыққа "жұрт масканы пошта арқылы тапсырыс беріп жатқанын" айтады.

"Барлық мемлекеттік мекеме, возкал, әуежайда, университет асханасында дене қызуын өлшейтін құрылғы тұр. Университетімде маска беріп жатыр. Дүкен, вокзал, автобустарда, лифтілерде қол дезинфекциялайтын сұйық заттар бар. Көбіміз Сеулге баратын болсақ, интернеттегі мемлекет ашқан сайттан вирус тараған "ең қауіпті" аймақтар туралы біліп аламыз. Ол жаққа бармауға тырысамыз. Үкімет 220 мың адамды тексергенін айтып жатыр. Халық Кореяның ауруларды алдын алу және тоқтату орталығының (KCDC) деректеріне сенеді", - дейді ол. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары