Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов коронавирустан қалай қорғанып жүргенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ерлан Қожағапанов қалада қауіпті инфекция анықталған бірнеше ошақ бар екенін еске салды. Осыған байланысты, ол алматылықтарға COVID-19 инфекциясынан қорғануға қатысты бірнеше кеңес берді. Маман соңғы уақытта пияз бен сарымсақты көп пайдалана бастағанын айтады. Бұл өнімдерде вирусқа қарсы қасиет бар дейді ол. Сондай-ақ, Қожағапанов лимон қосылған жылы суды көп ішкен дұрыс деп есептейді.
"Күнде пияз бен сарымсақ жеймін, С дәруменін қабылдаймын. Жылы суды лимонмен ішу керек", - деді Қожағапанов.
Оңтүстік астана әкімінің орынбасары көпшілікке көп ұйықтауға кеңес берді. Осылайша, ағза өздігінен қалыпқа келіп, нәтижесінде иммунды жүйе қатаяды.
"Толыққанды демалыс маңызды. Көп ұйықтау керек. Сонда ғана иммундық жүйе мықты болады. Біз, өкінішке қарай, олай істей алмаймыз. Бүгін үш сағат қана ұйықтадым. Мен ғана емес, қала әкімдігінің, аудандық әкімдіктердің қызметкерлері қаланың үздіксіз тыныс- тіршілігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр",- деді шенеунік.
Әрине, коронавирустан қорғанудың басты шарасы үйде өз-өзіңді оқшаулау болып қала бермек.
Айта кетейік, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ұлттық телеарнаның тікелей эфирінде елімізде коронавирустан қайтыс болған адамдар бар деген ақпаратты жоққа шығарды.