Төтенше жағдай кезінде шетелдік нөмірлі көліктерді тіркеу тоқтатылмайды, деп хабарлады Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Ол үшін халыққа қызмет көрсету орындары қалыпты жұмыс істеп тұр. Дегенмен Әділет министрі көлік иелеріне қауіпті індеттен сақтану үшін «электронды үкіметті» пайдалануға кеңес береді.
Әділет министрі карантин ережесін сақтамағандарға қатысты да пікірін білдірді. Талапты бұзған карантиндегі үйлердің тұрғындарына жақын күндері жаза қатаңдатылуы мүмкін. Алайда Марат Бекетаев әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің көлемі қандай болатынын айта алмады. Ал елдегі осы ахуал кезінде әкімдер мен министрлерді ауыстыруға заң тұрғысынан еш кедергі жоқ дейді министр.
"Төтенше жағдай мен карантинге байланысты әкімдер мен министрлерді тағайындауда ешқандай шектеулер жоқ, барлық шешімдер белгіленген тәртіппен қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, егер қажет болса, мұндай шешімдерді қысқа мерзімде қабылдауға да болады", - деді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.