21.03.2020, 10:30

Кімдерге міндетті түрде коронавирусты анықтайтын экспресс-тест тапсыру керек?

Фото: regnum.ru
Суық тию белгілері пайда болған жағдайда - дене температурасының жоғарылауы, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауыруы байқалса, біз тест жүргізе алмаймыз.

Сәуір айынан бастап "Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінде коронавирусты анықтайтын тегін экспресс-тесттен өтуге болады. Желінің бас директоры Ерлан Сүлейменов тестілеуді міндетті түрде кім өту керектігін және процедураға өтінімді қалай қалдыратынын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Біз 100 мың тестке тапсырыс бердік. Олар 50 мыңнан Алматы мен Нұр-Сұлтанға бөлінеді. Мерекелерден кейін тағы келеді. Шамамен, сәуір айынан бастап жұмысқа кірісе аламыз. Тесттер, сондай-ақ, Invivo-да және басқа да жеке зертханаларда іске қосылады.

Бұл қызметті міндетті түрде алуы керек адамдар бірнеше топқа бөлінді. Олардың ішінде пациенттермен тікелей байланысатын медициналық ұйымдардың қызметкерлері және карантиндік аймақтарда халыққа қызмет көрсетумен айналысатындар - полицейлер, өрт сөндірушілер, әскери және басқалары", - деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, екінші топқа 2019 жылдың қараша-желтоқсан және 2020 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында вирус аурулары болған адамдар жатады.

Содан кейін қалауы бойынша кез келген адам коронавирусқа экспресс-тест тапсыра алады. 

"Осы вирустық инфекция карантиндік, патогендіктің екінші тобына жатады, адамнан адамға жұғады, сондықтан біз серіктестеріміз бен жеке емдеу ұйымдарын тарта отырып, емшара кабинеттерінде жұмыс істейміз. Пациенттер сайттан жазылады деп жоспарлап отырмыз. Олар белгіленген уақыт бойынша сол немесе басқа кабинетке келеді және ауру жұқтырған-мыс қандай да бір адаммен байланыса алмайды. Барлығы регламент бойынша қатаң жүргізіледі", - деп түсіндірді Сүлейменов.

Тест тапсыра алатын азаматтарды іріктеу үшін денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологтар тобын жұмылдырады.

"Эпидемиологтар іріктеумен айналысады. Сондықтан, сараптама тапсырғысы келетіндерге сайтта эпидемиологқа қажетті барлық сауалнаманы толтыру қажет-инфекция бұрын болған ба, жасы, қосалқы аурулар, пневмония. Суық тию белгілері пайда болған жағдайда - дене температурасының жоғарылауы, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауыруы байқалса, біз тест жүргізе алмаймыз. Бұл жағдайда үйге жедел жәрдем шақыру қажет", - деп түсіндірді Ерлан Сүлейменов.

Экспресс-тесттер демеушілердің қаражатына сатып алынды. Бұған дейін "Сәби" қоры және Kaspi.kz коронавирусты және ИВЛ аппаратын анықтау үшін экспресс-тест сатып алуға 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Сондықтан тест тегін болады.

Ерлан Сүлейменовтың айтуынша, қажеттілік туса, тесттерді азаматтар үшін сатып алуға мүмкіндік бар.

Тегтер: коронавирус