Жамбыл облысының полицейлері ауылдардың арасына тартылған телефон сымдарын ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топты құрықтады деп хабарлайды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
21-23 жас аралығындағы үш жас жігіт 6 қаңтардан бастап 3 ақпанға дейін 12 рет ұрлық жасаған. Олар бағандарға ұзына бойы тартылған «Қазақтелеком» АҚ-ның сымдарын ұрлап, бірнеше елдімекенді байланыссыз қалдырыпты. Келтірілген шығын да аз емес. Қолды қылған дүниелерін күдіктілер сатып, ақшасын өз пайдаларына жұмсаған. Тіпті, бір ауылды бірнеше рет тонаған кездері де болыпты.
Қазіргі таңда ұсталған үшеу қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің екі бабы (187–бабының 1-бөлімі, 188-бабының 2-бөлімі 2,3-тармақтары) бойынша іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.