16.03.2020, 13:00

«Абай-175»: Қызылорда облысында конкурс өтті

Шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы ұйымдастырды.

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Абайдың 175 жылдығы аясында «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты концерт жүргізушілерінің облыстық конкурсы өтті. Оған Қызылорда қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен аудандардан  23 талапкер қатысты, деп хабарлайды Sn.kz.

Шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы ұйымдастырды.

Әдеби музыкалық шарада ақын шығармалары кеңінен насихатталды. Ұлы ақынның өлеңдері мен қарасөздері оқылып, әндері орындалды.

Хакім шығармаларының тағылымдық мазмұны тарқатылып, жалпы поэзияның сыр-сипатын таныту арқылы талантты жастарды концерт жүргізушілікке бейімдеуге көңіл бөлінді.

Нәтижесінде Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, сахналық шеберлігін таныта білген Шерхан Кәрібаев (Қармақшы ауданы) І орынды жеңіп алды. Өміржан Мінуаров (Шиелі ауданы) ІІ орынды, жалағаштық Жайна Дайрабайқызы және шиелілік Думан Сәбитов жүлделі ІІІ орындарды иеленсе, Жалағаш ауданынан Еркебұлан Отар мен Қазалы ауданынан Нұрдәулет Ыбырай ынталандыру сыйлықтарына ие болды.