18.03.2020, 10:08

«Абай-175»: Жалағаш ауданының оқушысы топ жарды

«Абай жаққан бір сәуле» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасынан Жалағаш ауданындағы №201 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Дидар Өмірзақ жыр додасында бірінші орынды қанжығасына байлады, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Екі кезең бойынша бақ сынаған жас ақындар өз шығармасына ұлы ақынның өнегелі өмір жолы мен артына қалдырған мол мұрасын арқау етті. Жалағаштық Дидар Серікұлы Абай атамыз хақындағы арнауын өзінің көрген түсімен байланыстырған. Орамды ойы мен оқиға желісін үзбей байланыстырған жас ақынның талабын қазылар алқасы жоғары бағалапты.

– Ақындар мүшәйрасында бұған дейін де бақ сынаған болатынмын. Бірақ бұл доданың мен үшін салмағы ауыр болды. Себебі Абай Құнанбаев – тек мен ғана құрметпен қарайтын ақын емес, қазақ халқына ортақ тұлға. Жетекшімнің де, өзімнің де бұл сөз сайысына тыңғылықты дайындалғанымды мүшәйраның қорытындысы мен қазылар алқасының шешімі аңғартып тұр. Осындай үлкен доданың облыстың, оның ішінде өзімнің туған жерім – Жалағаш ауданының мерейін үстем еткенімді мақтан тұтамын, – дейді Дидар Серікұлы.