Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылындағы Қалтай Мұхаммеджанов атындағы ауылдық мəдениет үйінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған әдеби кеш өтті, - деп хабарлайды Sn.kz. Coworking орталығында ұйымдастырылған іс-шараға кітапхана оқырмандары, ауыл ардагерлері мен жастары, тиісті сала басшылары қатысты.
Шара барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Сұлтанов сөз алып, ұлы ақынның даналықты, адалдықты ту еткенін айтты.
– Абай Құнанбайұлы ақын ғана емес, ол ғұлама, ағартушы, ұлттың жаңа әде-биетінің негізін қалаушы. Абайдың әрбір өлеңінің әлеуметтік тәрбиелік мағынасы зор. Сондықтан ақынның өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау маңызды. Ақынның 175 жылдық мерейтойы ауыл көлемінде кеңінен аталып өтіледі деп сенемін, – деді ардагер.
Сонымен бірге «Нұр-бақыт» бала-бақшасының меңгерушісі Б.Мұсаева, ауылдық кітапхана меңгерушісі Л.Əбдірейімова ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосқан Абай Құнанбайұлының шығармашылығы жөнінде пікір білдірді. Танымдық кеште мектеп оқушылары хәкімнің өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыды.