Сырдария аудандық оқушылар үйінде «Жас ұлан» ұйымының ұйымдастаруымен «Жас ұлан – жарқын болашақ» акциясы аясында «Әлем таныған – Абай» тақырыбында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған көркем сөз және ән жанры бойынша байқау өтті, - деп хабарлайды Sn.kz.
Шығармашылық байқауды аудандық Оқушылар үйінің директоры Әділбек Бәйменов ашып, ұлы ақынның шығармашылығы мен рухани құндылығы жайында айтты. Бүгінгі заман талабына сай қайта түлеп, сан алуан бағытта жаңғырып келе жатқан мол мұрасын кеңінен насихаттады. «Бар жазғаны даналық боп саналған» атты сөз шеберлерінің сайысында аудан мектептерінен келген әр қатысушы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
«Жас ұлан» ұйымының мүшелеріне өлеңнің мазмұнын аша түсіп, мүдірмей оқу талабы қойылды. Ал «Көңілім әнді ұғады» ән жанры бойынша барлық жас өнерпаз Абай әндерін өз нақышында орындады. Жанды дауыста домбырамен ән шырқады.
Байқауға қатысқан оқушылардың өнеріне аудандық Оқушылар үйінің директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Өмірзақова, аудандық әуез мектебінің қобыз үйірмесінің жетекшісі Сәрсенкүл Түгелбаева бағасын берді. Өз кезегінде екі кезең бойынша жеңімпаздар анықталып,арнайы дипломмен марапатталды.