Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай күшейтілді. Екі күн ішінде елордада 164 адам ұсталды, деп жазады қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
28 наурыз сағат 00.00-ден бастап елордада азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуға шектеу қойылды. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салынды.
"Қала көшелері полиция қызметкерлері қадағалауында. Екі күн ішінде аумақтық полиция басқармаларына 164 адам жеткізілді, тәртіп бұзған 68 адамға әкімшілік хаттама жасалды. Қалған адамдармен профилактикалық әңгіме жүргізілді", - делінген әкімдіктің хабарламасында.