$ 494.87  520.65  4.91

Карантин: Нұр-Сұлтан қаласындағы нысандар қалай жұмыс істейді?

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі азық-түлік қорының да жеткілікті екенін атап өтті.

Еліміздегі Төтенше жағдайға байланысты Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық қорғау қызметтері тәулік бойы күшейтілген қызмет атқару нұсқасына көшті. Бқл туралы қала әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында белгілі болды, - деп хабарлайды Sn.kz.

Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті, халықтың тыныс - тіршілігін және көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілерді, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимді, режимдік және ерекше қорғалатын объектілерді қорғау күшейтілген.

Сонымен, белгілі болғанындай, ірі сауда нысандары мен сауда ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне шектеу қойылады, олар сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді (азық-түлік дүкендері мен супермаркеттерді қоспағанда). Ал азық-түлік дүкендері, супермаркеттер мен азық-түлік базарлары санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, әдеттегі режимде жұмыс істейді.

Киім-кешек базарлары сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс жасайды. Санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтіледі. Қоғамдық тамақтану орындарында, сауда ойын-сауық орталықтарындағы фуд-корттар дезинфекциядан өтіп тұрады. Сонымен бірге азық-түлік қауіпсіздігі шараларын тиімді іске асыру қамтамасыз етіліп жатыр, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу мен бағаны тұрақтандыру қамтамасыз етілуде.

Осы уақытта қоғамдық көліктер мен мектептен тыс білім беру мекемелері қалай жұмыс істейді деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Бұл ретте қала басшылығы қоғамдық көліктердің қалыпты режимде жұмыс істейтінін, соңғы аялдама пункттерінде автобустар дезинфекциядан өтетінін айтты. Балабақшалар қалыпты режимде жұмыс істейді. Медициналық және санитарлық бақылау күшейтіледі. Баланы апару не апармауды ата-ана өзі шешеді.

Ал мектептен тыс қосымша білім беру объектілерінің (оқушылар сарайы, шығармашылық сарайлары, аула клубтары, үйірмелер, секциялар, компьютерлік клубтар) қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ барлық спорт

нысандары жабылып, оқу-жаттығу жиындары, спорт түрлері бойынша жаттығулар, барлық деңгейдегі жарыстар тоқтатылды.

Ойын-сауық, спорттық (көрермендердің қатысуынсыз өткізілетіндерді қоспағанда) және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынады. Кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және көңіл көтеру орындарының (түнгі клубтар, караоке, барлар, компьютерлік клубтар, фитнес орталықтар, жаттығу залдары, бассейндер) және адамдар көп жиналатын басқа да нысандардың қызметі тоқтатылды.

Коронавирус инфекциясы жағдайында оның өршуіне жол бермей, жоюға медициналық объектілердің дайындығы қамтамасыз етілді; коронавирус инфекциясы анықталған жағдайларда науқастарды ауруханаға жатқызу қамтамасыз етілді, медициналық тексеруден өтуге және емделуден бас тартқан, карантин режимін сақтауға бей-жай қарап, эпидемиологиялық жағдайды және т.б. жағдайларды анықтауда қолында бар мәліметтерді жасырған кісілерге бақылау күшейтілді.

Мейрамханалардың, дәмханалардың және өзге де қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты 22.00 сағатқа дейін шектелді, бұл ретте бір жолғы адамдардың санын 50-ге дейін шектеу бар. Дәмхана мен мейрамханаларда және т.б. жерлерде кальяндарды пайдалануға тыйым салынады.

Сондай-ақ денсаулық сақтау объектілерінде және қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерде, әлеуметтік оңалту орталықтарында, балалар үйінде, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оқу орындарында, интернаттарда санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілді. Оларға келушілерге тиым салынды.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі азық-түлік қорының да жеткілікті екенін атап өтті.

Бағаны тұрақтандыру бойынша тұрақтандыру қоры құрылды, сауда желілерін жеңілдікпен несиелендіру бойынша жұмыстар жүргізілген. «Айналым схемасы» жобасына «Magnum», «Астықжан», «Кенмарт», «Small», «Шапағат», «Евразия», «Артем», «Биг Шанхай» сияқты сауда орындары қатысады, сондай-ақ ет пен жарма бойынша жеткізушілер анықталды. Дүрлігуге себеп жоқ, азық - түлік жеткілікті мөлшерде бар.

Естеріңізге сала кетейік,  Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өткен болатын. Отырыста қала әкіміне Төтенше жағдайға байланысты Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық қорғау қызметтері тәулік бойы күшейтілген қызмет атқару нұсқасына көшкені хабарланды.

Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті, халықтың тыныс-тіршілігін және көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілерді, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимді, режимдік және ерекше қорғалатын объектілерді қорғау күшейтілген. Сондай-ақ, сауда ойын-сауық орталықтары сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істесе, азық-түлік дүкендері, супермаркеттер мен азық-түлік базарлары әдеттегі режимде жұмыс істейтін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары