Наурызда Атыраудан Нұр-Сұлтанға оралған тұрғын және басқа бірнеше жұмысшы қонақ үйлердің біріне оқшауланған. Енді тұрғынның сөзінше, COVID-19-ға анализ алған зертхана нәтижелерін жоғалтып алғандықтан, олар үйлеріне қайта алмай отыр.
Дарханның айтуынша, ол 20 наурызда Атыраудан жұмыстан келген. Әуежайда оны ешкім тексеріп, ұстамаған. Ер адам үйіне таксимен жеткен. Алайда 26 наурызда оны іздеп, елордадағы қонақ үйлердің біріне карантинге жатқызған. Мамандар Дарханға анализ нәтижелері дайын болған соң үйге қайтуға болатынын айтқан. Дәл сол себепті ол екі апталық оқшаулауға дайын болмапты. Оның айтуынша, сынама алған зертхана анализдерді таба алмай жатқан көрінеді.
"Менен екі рет анализ алды. Біз нәтижесін күттік, алайда оларды таба алмай жатқандарын айтып, көңілімізді түсірді. Егер бірнәрсе болса сіздерді баяғыда-ақ алып кетуші еді деп бізді жұбатты. Біз дәрігерлерді шақырып, Call орталықтарға хабарласудамыз. Бірақ ешкім ештеңе білмейді, ешкім жауап бермейді", - деді ол.
Дархан карантинге алынған қонақ үйде медициналық қызметкерлер жоқ. Мұнда тек еріктілер бар. Дәрігерлер анализ алу үшін ғана келген.
"Дәрігерлер анализді мұрын мен тамақтан жағынды арқылы алды. Анализдердің жоғалып кеткенін бізге еріктілер айтты. Дәрігер келген кезде бізді жұбатып "Нәтижелер болады, сіздерге хабарлаймыз. Кете аласыздар, алайда әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейсіздер" деді", - дейді Дархан.
Дарханның айтуынша, ол және әріптестері екі апталық оқшаулануға дайын болмаған.
"Қонақ үйге қамалғандардың бәрі мен сияқты мердігер компанияларда жұмыс істейді. Біз мұнда бір-екі күнге келдік, ешқандай затымызды алмадық, біз тіпті қашықтықтан жұмыс істей алмаймыз. Туыстарымыздың берген заттарын да алмайды. Бізге жұмыстан күн сайын хабарласып, қашан шығатынымызды сұрайды. Бізде жұмыс орнымыз бен өмір сүру үшін қаражат көзінен айырылып қалу қаупі бар, - дейді ол. Ер адамның қонақ үйдегі жағдайға шағымы жоқ, алайда ол ақшасыз қаламын ба деп уайымдайды. Сәл кейінірек олардың карантиннен шығарылуы мүмкін екені белгілі болды. "Бас дәрігердің орынбасары келіп расымен де зертхананың біздің екі анализді таба алмай, нәтижелерді рәсімдеп үлгермей жатқанын түсіндірді. Бірақ 3 сәуірге дейін сол нәтижелерді табуға тырысып, соның негізінде бізді үйге жіберетінін айтты", - деді Дархан.
NUR.KZ редакциясы Денсаулық сақтау министрлігіне осы мәселе бойынша хабарласты. Ведомство жағдайдың қазір анықталып жатқанын мәлімдеді.