02.04.2020, 17:20

Қазақстан бюджет «жыртығын» шетелдік нарықтан 3 млрд доллар алу арқылы жамамақ

Фото: qazaquni.kz
Оны «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жергілікті атқарушы органдардың қарыздық міндеттемелерін сатып алу арқылы алады.

Республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін сыртқы нарықтан 3 миллиард АҚШ доллары тартылады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен ҚР Үкіметінің резервінен қаражат бөлу мәселесіне арналған баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 2,4 трлн теңге қарыз алу қажет. Оның ішінде біз 3 млрд АҚШ долларына жуық капиталды шетелдік нарықтан қарызға алуды жоспарлап отырмыз», - дейді ҚР Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

 Сонымен қатар, ол ішкі нарықтан 2,5 трлн теңге қарызға алынатынын айтты. Оның ішінде 700 миллиард теңге «Жұмыспен қамтудың жол картасын» қаржыландыруға жұмсалады. Оны «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жергілікті атқарушы органдардың қарыздық міндеттемелерін сатып алу арқылы алады.

 Қалған қаражатты Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер бір триллион теңгеге дейін жеткізілетін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыруға береді. Сонымен қатар, ішкі капитал нарығында «Бәйтерек» холдингін орналастыру арқылы тұрғын үй құрылысын кеңейтуге 390 млрд теңге қарастырылған.