18.02.2016, 10:58

Қырғыз жігітінің ерлігін «ұмытып» кеткен ресейлік телеарна сюжет мазмұнын қайта өзгертті (ВИДЕО)

Осыдан бір апта бұрын Мәскеудегі метро станцияларының бірінде темір жолға құлап кеткен әйелді құтқарған Марат Исаевты бүгінде ресейліктердің басым бөлігі таниды. Ол орыс полицейімен бірге жанын бәске тігіп, жүйіткіп келген метроның астына түскен болатын. Алайда, осы оқиға жайында сюжет түсірген «Бірінші арна» журналистері тек кіші сержант Артем Королюктің атын айтып, қырғыз жігітін мүлдем ұмыт қалдырған еді.

Дәл осы бейнесюжеттен кейін әлеуметтік желі пайдаланушылары телеканал басшыларына наразылықтарын білдіріп жатты. Ренішін айтқандардың саны мыңдап есептеледі. Олар Марат Исаев жайында арнайы бағдарлама түсіруді де талап еткен болатын.

Ресейдің бас телеарнасы Қырғызстаннан мәскеуге жұмыс істеу үшін келген ер азамат туралы арнайы хабарды түсірмейтіні анық. Дегенмен, олар алдын түсірілген бейнесюжетке қайта өзгерістер енгізіп, оның ішіне Марат Исаев туралы бірер ауыз сөз қосқан.