05.04.2020, 20:35

«Біз үшін мейрамхана ашық»: ТЖ менсінбеген блогер Оралда кеш өткізіп жүр

Бір апта бұрын Сочиде болған блогер Инстаграмда Оралға жетуі үшін блокпосттардан қалай өткендігін де жазған.

Қазақстандық блогер Айдын Түсіпов карантинге қарамастан Оралға келіп, кеш өткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топ мүшесі Мәлік Жұмағалиевтің facebook парақшасында жазғанындай, А.Түсіпов Оралға 4 сәуір күні келіп, кешкісін мейрамханалардың бірінде болған. Карантин кезінде мейрамханалардың жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан, ол достарымен кальян мен кешкі асқа тапсырыс берген. Бұл туралы Telegram-каналдың Орал жаңалықтарында жария етілген. Видеода блогер тапсырыс берген уақыттың сағат 22.25 екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, А.Түсіпов «Орал қарсы алды. Біз үшін мейрамхана ашық, барлық қызметкерлері қызмет көрсетуде» деген жазба қалдырған.

Бір апта бұрын Сочиде болған блогер Инстаграмда Оралға жетуі үшін блокпосттардан қалай өткендігін де жазған. Осыған байланысты, М. Жұмағалиев бұл оқиғаны аяқсыз қалдырмай, кінәлілерді жауапқа тарту керектігін атап өткен.

БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібековтің айтуынша, қазіргі кезде блогер болған мейрамхананы анықтау жұмыстары жүргізілуде.