Алматы облысы Нарынқол аудандық ауруханасының қызметкерлері бас дәрігерді орнынан кетіру керек деп наразылық танытуда, деп хабарлайды 31 арна.
Телеарнаның хабарлауынша, аталған аудандық аурухананың қызметкерлері бас дәрігердің үстінен шағымдануда. Олардың айтуынша, бас дәрігер аурухана қызметкерлерін ұят әрекеттерге баруға мәжбүрлейтін көрінеді. Одан бөлек, қаржылық алаяқтықтық әрекеттері де бар көрінеді.
― Кешкі уақыттарда телефон тұтқасын көтеруге қорқамыз. Кейде директор өзіне шәй әкеп беруін өтінеді. Ал, біз барған кезде ол жалаңаш шыға салуы немесе массаж жасатып қоюы мүмкін. Бұл өте ұят емес пе?! Біздің күйеуіміз, бала-шағамыз бар емес пе?! ― дейді өз есімін жасырған аурухана фельдшері.
Сондай-ақ, реанимациялық көліктерді өзінің жеке мақсатына пайдаланатыны да айтылуда. Одан бөлек, дәрігерлердің айтуынша, ғимарат астындағы жертөледе саунаға айналдырып жіберген. Ал, медбикелерді қонақтарға массаж жасатқызып қойған.
Ал, бас дәрігер Нұрғожа Естеусізовтің өзі болса бұл айтылғандардың бәрін жоққа шығарады. Оның айтуынша, бұл жерде көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар болып тұрғанымен де ешқандай заңбұзушылық әрекеттерге бармағанын айтады. Ал, бұл әрекеттерді ол сыртқы жауларының жала жабу үшін тапқан айласы деп есептейді.
Алайда, аудандық прокуратура өкілдерінің арнайы тексеруінен кейін шағымдардың кейбірі шындыққа жанасатыны анықталып отыр. Сонымен бірге, қаржылық алаяқтық фактілері де кездескен. Дегенмен, әзірге негізгі мәселе іс материалдары облыстық денсаулық сақтау басқармасына жөнелтіліп, бас дәрігердің кейінгі қызмет ету-етпеуі сонда қаралмақ. Ал, қаржылық қылмысқа қатысты іс кейін қаралатын болады.