13.04.2020, 16:00

Елімізде коронавирус жұқтырған тағы бір адам көз жұмды

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов қауіпті індеттен көз жұмған марқұм туралы түсінік берді.

Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырған тағы 6 адам тiркелді: Нұр-Сұлтан қаласында – 4 адам, Солтүстік Қазақстан облысында -1 адам, Шығыс Қазақстан облысында 1 адам, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгін Ақмола облысында коронавирус індетінен 1936 жылы дүниеге келген бір науқас көз жұмды. Ол – елімізде  COVID-19 вирусынан көз жұмған 12-ші адам.

Ал еліміз бойынша қауіпті вирус жұқтырғандардың жалпы саны 979 адамға жетті.

«Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 257 адам, Алматы қаласында – 172 адам, Қарағанды облысында - 76 адам, Ақмола облысында - 71 адам, Атырау облысында - 59 адам, Жамбыл облысында - 46 адам, Шымкент қаласында - 38 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 8 адам, Алматы облысында - 21 адам, Ақтөбе облысында - 11 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 26 адам, Павлодар облысында - 10 адам, Маңғыстау облысында - 10 адам, Қызылорда облысында - 119 адам, Батыс Қазақстан облысында - 9 адам, Түркістан облысында - 43 адам, Қостанай облысында - 3 адам, жалпы 979 науқас тіркелді», – делінген хабарламада.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов қауіпті індеттен көз жұмған марқұм туралы түсінік берді.

«Ақмола облысында 13 сәуірдегі жағдай бойынша коронавирустан тағы бір адам көз жұмды. Жалпы алғанда өңірде 71 адам коронавируспен ауырса, оның ішінде төртеуі қайтыс болды», - дейді Сүлен Ілиясов.

Оның айтуынша, қайтыс болған 1936 жылы туған ер адам.

«Ол әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорлығындағы адам. 5 сәуірден бастап ол Көкшетаудағы теміржол ауруханасындағы провизорлық стационарда карантинде болған. 9 сәуірде диагнозы анықталып, Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердің жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылған. Ауруханаға түскен кезде жағдайы ауыр болған. Диагнозы екіжақты өкпенің қабынуы, өте ауыр деңгейде. Қосалқы дерттері: артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы», - дейді ол.

Тегтер: коронавирус