Шымкент қаласының кәсіпкерлері төтенше жағдай кезінше түрлі қиындыққа тап болғандарына қарамастан, қайырымдылық жасаудан шет қалмай келеді. Қаланың жомарт азаматтары 12 балалы отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін пәтер жалдап күнелтіп келген жанұяға жаңа баспана күтпеген тосынсый болды. Айта кетейік, Мұхтар Бердіқұлов пен жұбайы Гүлнараның 7 баласы бар. Олар 2014 жылы жол апатынан көз жұмған туыстарының 5 баласын қамқорлыққа алды. Отағасы - жеке компанияда күзетші болып жұмыс істесе, келіншегі Гүлнар үй шаруасында. Ұл-қыздары колледжер мен мектептерде білім алады.
Үш ай бұрын бұл отбасының тұрмыстық жағдайынан хабардар болған қалалық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері оларға баспана алып беруге қаражат жинай бастаған. Осылайша «Менің атамекенім» қоғамдық қорына 8,5 млн теңге жиналады. Қомақты қаражатқа үш бөлмелі пәтер сатып алынып, онда жөндеу жұмыстарын жүргізілді.
Ал «Бал текстиль» кілем фабрикасы отбасына кілем сыйлады. «Азала текстиль» компаниясы төсек-орын жабдығымен қамтамасыз етті. Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері балалар киімін, тұрмыстық техника мен отбасы үшін ыдыс-аяқ сатып алып берді. Пәтер кілтін салтанатты тапсыру кезінде кәсіпкерлер іскер азаматтарды қайырымды болуға шақырды.
«Қазір кәсіпкерлер қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатыр. Төтенше жағдай мен карантинге байланысты олардың көпшілігі жұмысын тоқтатты. Бірақ ең бастысы, мұндай жағдайда да кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, әлеуметтік әлсіз отбасыларға қамқор болуы керек. Жалпы, пандемия басталғалы бері өңірлік кеңестің мүшелері шымкенттіктерге 100 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті. Мұқтаж жандарға ақшалай қолғабыс етіп, емдеу орындарына эпидемияға қарсы препараттар мен медициналық қорғаныс киімдерін жеткізіп берді. Бетперде мен азық-түлік өнімдерімен көмек берді», - деп атап өтті Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Олжас Жансейітов.