Үкімет Ұлттық пантеон туралы ережені бекiтті. Ережеде пантеонға кімдердің жерлеуге болатыны қарастырылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ұлттық пантеон туралы ереже бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі», - делінген ресми хабарламада.
Ұлттық пантеон – аса көрнекті мемлекет, ғылым, мәдениет қайраткерлерін және Қазақстанның дамуына үлес қосқан адамдарды мәңгі есте сақтау мақсатында салынған, мемориалдық маңызы бар сәулет объектісі болып табылатын, қайтыс болған (қаза тапқан) адамдарды жерлеуге арналған орын. Ол астананың жергілікті атқарушы органының қарамағында, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында орналасқан.
Қайтыс болған (қаза тапқан) мынадай адамдар Пантеон аумағында жерленеді:
1) Қазақстан Республикасының президенттері және олардың отбасыларының мүшелері;
2) Қазақстан Республикасының премьер-министрлері және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшылары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағалары;
3) министрлер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары,
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері;
4) «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдар;
5) «Алтын қыран», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», үш дәрежелі «Еңбек Даңқы»
ордендерімен марапатталған азаматтар;
6) «Кеңес Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері» атақтарына ие болған азаматтар;
7) «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған азаматтар;
8) Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар;
9) Пантеонда жерлеуге жататын адамдармен олардың кейінірек қайтыс болған (қаза тапқан) жұбайларын жерлеуге болады.
Пантеонға марқұмдарды жерлеу туралы қосымша мәліметтерді мына сілтемеден білуге болады.