$ 498.34  519.72  4.85

Үкімет тұрғындардың коммуналдық қарызын өтеп бермек

Шымкентте 50 мың адамның коммуналдық қарызын мемлекет өтейді.
фото: кtk.kz
фото: кtk.kz

Үкімет 1 млн 644 мың 761 адамның коммуналдық қарыздарын өтеу үшін екі рет 15 мың теңгеден беретін болды. Сәуір-мамыр айларындағы осы төлемдерге республикалық бюджеттен алдын ала есеп бойынша 49 млрд 342 млн 830 мың теңге бөлінбек. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Қарызы өтелетіндердің ең көбі Түркістан облысында орналасқан. Онда 385 мыңнан астам азаматқа 30 мың теңгеден есептегенде (2 айға), 11,6 млрд теңге ақша жұмсалады. Алматы облысында 248 мың адамға 7,5 млрд теңгедей бөлінеді. Жамбыл облысында көмекке 118 мың адам ілінеді. Қалған өңірлерде бұл көрсеткіш 100 мың адамға жетпейді.

Мұндай жәрдем көрсетілетіндердің ең азы - Атырау облысында. Мұнда 20 мың адам Үкімет бекіткен әлеуметтік топқа кіреді. Сондықтан, оларға екі айдағы коммуналдық төлем үшін 600 млн теңге жеткілікті.

Мегаполистерге келсек, Нұр-Сұлтан қаласында шамамен - 55 мың, Алматыда - 70 мың, Шымкентте 50 мың адамның коммуналдық қарызын мемлекет өтейді.

Айта кетейік, осы аптада коммуналдық қызмет үшін кімдерге 15 мың теңгеден төленетіні белгілі болды. Президенттің төтенше жағдай мен карантин уақытында тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін ақысының мөлшерін азайтуға қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті шешім шығарды. Мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде төлем алушылардың келесі санаттары анықталды:

- 1, 2, 3 топ мүгедектері;

- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

- көпбалалы отбасылар;

- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;

- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;

- төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;

- атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#төлем #Үкімет