$ 498.34  519.72  4.85

Елімізде жемқорлық фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі «көш бастап» тұр (ВИДЕО)

Ал жемқорлық жайлаған аймақтардың көшін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бастап тұр.

2020 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша жемқорлық фактісімен ұсталғандардың көбі Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтты.

«Орталық мемлекеттік органдарға келсек, жазаға тартылғандардың көбі, яғни 57%-ы - Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері. Бірінші тоқсанда 70 адам ұсталды. Сонымен бірге, жемқорлық бойынша Экология министрлігі (10 адам), Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігі (9 адамнан) және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері (8 адам) көш бастады», - деді онлайн-брифингте Н.Жақсымбетов.

Ал жемқорлық жайлаған аймақтардың көшін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бастап тұр. Бірінші тоқсанда аталған облыс әкімдіктерінде 23 адам ұсталған. Жамбыл облысында – 17, Қызылорда облысында – 14, Түркістан облысында – 13, Қостанай және Павлодар облыстарында 10 адамнан жемқорлық фактісімен жазаға тартылған.

Жалпы, қаңтар, ақпан, наурыз айларында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстанда  892 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеген. Оның 77%-ы – жемқорлық, жымқыру фактілері.

«Аса ауыр жемқорлық қылмыстарын 12%-ға көп анықтадық. Былтырғы жылдың бірінші тоқсанына қарағанда жымқыру фактілері 28%-ға көп анықталды. Мемлекеттік бағдарламаларды орындау кезіндегі қылмыстар 2 есеге өсті. Олардың жартысынан көбі 2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту, білім және ғылым, ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы бағдарламалар. Шағын және орта бизнес жұмысына заңсыз араласу бойынша 48 қылмыстың жолы кесілді», - деп айтты Н. Жақсымбетов.

Жемқорлығы үшін жазаға тартылатын адамдар саны 9%-ға артты десек, олардың әрбір төртіншісі мемлекеттік органдардың немесе квазимемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары. Сондай-ақ Нұрлан Жақсымбетов басшылық құрам арасында болатын жемқорлық қылмысын бақылайтын жаңа жедел бөлім құрылатынын айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары