Коронавирус сән әлеміне едәуір кесірін тигізгені анық. Еуропадағы сән көрсетілімдері мен атақты брендтердің дүкендері белгісіз мерзімге жабылды. Дүниежүзіне тараған індеттің зардабын шеккен де, дәл осы киім-кешектер мен әшекей бұйымдар сатылатын орталықтар.
Себебі адамдар басты дүние – денсаулық екенін түсінгендей. Оқшаулану арқылы ғана індеттен қорғану басты мақсат болған соң, сән кейінге ығыстырылды. Сән үйлері мен оның қызметкеткерлері дерлік жұмыссыз қалды. Қалай дегенмен, адамнан артылған айла қалған ба? Адамның жұқпалы індеттен сақтану үшін ең алдымен маскаларды киіп жүруіне тура келеді. Жер шарындағы күнделікті шығарылып отырған маскалар жеткіліксіз болды. Сәнгерлер жаппай маска тігуге көшті. Оның түр-түрін шығара бастады. Әсіресе жастар арасында бұндай маскаларды киіп жүру үлкен сәнге айналып бара жатыр. Олар сан түрлі матадан, бағалы аң терісі мен былғарыдан жасалып, түрлі әшекей бұйымдармен безендіріліп сатылуда. Түрлі-түсті гүлдермен, асыл тастармен әшекейлеп, тұтынушыларды барынша қызықтыруға көшті. Кейбір шетелдік дизайнерлер қалыңдық көйлегін шілтерлі маскамен толықтырыпты. Қолғаптар, көзілдіріктер, тағы басқалар қажетті акссесуарлар да көптеп шығарылуда. Бір жағынан жұқпалы аурудан қорғану болса, екінші жағынан сәнді. Әркім қолынан келгенін істеп бағуда. Қазіргі кезде тағы сәнді дүниелер олар «аурудың аты» жазылған киімдер. Футболкалар мен кепкалардың алдындағы «вирус», «коронавирус кет» деген жазулары бар киімдері сәнді болып тұр. Бұндай киім-кешектерге де сұраныс көп екен. Енді бәзбіреулер коронавирустың микроскоппен көрінгендегі суреті бейнеленген кулон ойлап тауыпты. Әрине бұл қазіргі уақытта өзекті болғанымен, ұзақ өмір сүрмейтіні анық. Әрі оны сәндік үшін қуана тағатын адамдар көптеп табылмасы анық. «Жамандықты шақырма» деуді ұстанатын қазақтар үшін бұл өрескел дүние екендігі рас. Осылайша өмірімізге дендеп кірген ауруды қолынан келгендер сәнге айналдырып, оны жарнамалап саудасын жүргізіп жатыр.
Дереккөз: Newsroom.kz