«Дауыс International» тобының экс-әншісі Жадыра Құтпанова көлікті мас күйінде жүргізген жерінен полиция қызметкерінің қолына түсті, деп хабарлайды Аuto.lafa.kz.
Алматыда полиция қызметкерлері өз кезекшілігінде Infiniti автокөлігін мас күйінде жүргізген қызды ұстады. Кейін оның «Дауыс International» тобының экс-әншісі Жадыра Құтпанова екені белгілі болды. Жұлдыз бірден ерсі қылық танытып, көлікке иелік ететін құжаттарын көрсетуден бас тартқан болатын. Ол көлік ішінде сіңлісімен бірге болған екен. Мас күйіндегі қыз тәртіп сақшыларына өзін «Кеш You» тобында өлең айтатын Әселмін деп таныстырған еді.
Ішіп алған әнші Бостандық аудандағы ішкі істер басқармасының ғимараты алдында мінезін көрсетіп, бір тәртіп сақшысының киімін жыртса, келесісінің қолынан тістеп алған. Әншінің сөзіне сенсек, жақында ғана ол өзінің анасын жерлеген, ал сіңлісі жоғарғы оқу орнына түсу үшін қалаға келген екен.
Медициналық сараптама кезінде Құтпанова көлікті жүргізбегенін алға тартып, жүргізушінің журналистерді көргенде қашып кеткенін айтты, бірақ ол ақпарат расталмады. Кейін әнші полиция қызметкерлеріне 20 мың теңге көлемінде пара бергенін де жайып салды, алайда ол ақшасы өз машинасынан табылды. Бірақ қыз ол басқа ақша екенін айтып, полицейлерден «босату үшін берген» 20 мың теңгесін қайтарып беруді талап етті. Ол алкоголдік мас болудың орташа дәрежесінде болған. Оны медициналық сарапшылар да растап берген болатын.