Сирияға соғысуға аттанған қазақстандықтардың саны 200-ге жуықтаған. Олардың көбі өздерімен бірге әйелдерін және бала-шағасын алып кеткен деп мәлімдеді ҚР Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев. Оның айтуынша, өзге елге соғысуға кеткен қазақтар - тура жолдан адасқандар, өмірде жолы болмаған бақытсыз жандар. Мұндай пікірін Ермекбаев бүгін Астанада өткен халықаралық конференция барысында айтты.
"Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Сирия мен Ирак жеріндегі қарулы қақтығыстарға Қазақстанның 200-дей азаматы қатысып жүр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сай, 2016 жылдың басынан бері халықаралық лаңкестік ұйымдардың қатарына қосылып, өзге елдерге соғысуға кеткен қазақстандықтардың үстінен 205 қылмыстық іс қозғалған. Жалпы алғанда, бұл үлкен көрсеткіш емес, Қазақстандағы жағдай әлдеқайда тұрақты" деді Н.Ермекбаев аталған жиын барысында.
Оның айтуынша, адамқандардың басым бөлігі лаңкестердің уағызын тыңдапболған соң шетелге кетуге бел байлайды екен.
"Менің пікірімше, бұлар адасқан бақытсыз жандар, теріс пиғылдағы топтардың жетегіне байқаусызда еріп кеткен. Олар өздерінің бай тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін экстремизмге алмастырды" деді Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.
Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, елде мұндай адасқан жандарды жазғырудан гөрі тура жолға салу системасы жолға қойылған көрінеді.