23.04.2020, 14:00

Қызылордалық «Кітап құрттары» ұйымы Абай шығармаларын үздіксіз оқиды

Сонымен қатар, әлем таныған Абайды танып-білуге ұмтылған жастар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жата-жастана оқыды.

Қызылорда қаласында былтырдан бері «Кітап құрттары» деп аталатын ерікті жастар ұйымы жұмыс жасап келеді. Аймақ жастарын кітап оқуға шақыратын бұл ұйымға қызығушылық танытып жатқандар көп. Ұйымның жастары әр апта сайын оқыған туындылары туралы талқылайды. Олар қазақ әдебиеті туындыларынан бастап әлемдік классикалық шығармаларды оқиды. Кітап оқып жарысқан оқырмандар хакім Абайдың шығармаларын өздеріне бойтұмар етіп алғандай. Өрелі жастар Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін оқып, челлендждер ұйымдастырып жүр. Биыл «Кітап құрттары» клубының бір жыл толуына сәйкес ұйым жастары Абайдың 175 жылдығын ескере отырып, Абай образын көрсетіп, бас ақынның өлеңдері мен әндерін орындаған болатын. Ал, қазіргі сәтте ұйым мүшелері әлеуметтік желілер арқылы ел жастарын кітап оқуға шақырып, өздері оқыған кітаптары туралы бағыт-бағдар беріп келеді.

«Көпшілік арасында қазіргі жастар кітап оқымайды деген пікір қалыптасқан. Біз ондай ұғымды жоққа шығара аламыз. Себебі, заманауи технологиялар қаншалықты дамып кетсе де, кітап оқыла береді. Өйткені, кітаптың қай заманда да өзіндік орны бар. Біздің клубымыздың мақсаты – жастарға кітап оқудың оңтайлы әдістерін көрсете отырып бағыт беру», - дейді «Кітап құрттары» клубының жетекшісі Талғат Меңдібаев.

Кітап оқуды насихаттайтын ұйымның жастары Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай көптеген эстафеталар мен челлендждер ұйымдастыру үстінде. Сонымен қатар, әлем таныған Абайды танып-білуге ұмтылған жастар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жата-жастана оқыды.

«Абай жолы – қазақты күллі әлемге паш еткен туынды. Мен бұл романның І томын екі күн бұрын ғана оқып бітірдім. Бірер жыл бұрын маған Абайдың қара сөздерін, «Абай жолы» романын ұғып оқу қиын болатын. Дегенмен, туындыдағы түсінбеген сөздерімді екі-үш қайтара оқу арқылы сананы жетілдіруге болатынына көзім жетті. Көптеген кітаптар лирикалық, фантастикалық, мотивациялық, шытырман оқиғалар сияқты бір бағытпен жазылады. Ал, бұл шығарманың ішінде барлық жанр бар деуге болады. Мәселен, Құнанбай мен Жігітек руының арасындағы жанжалды экшн жанрына жатқызар едім. Лирика деп Абайдың Тоғжанға деген махаббатын, оған арнап жазған өлеңдерін айтар едім. Абайдың кішкентай қарындасы Кәмшатты Жігітек руының адамдары алып кеткен сәтті мелодрама жанрына ұқсатамын. Маған бірінші томның өзі ерекше әсер қалдырды. Енді «Абай жолы» романының барлық томын оқып шықсам жоспарым бар. Бұл туынды арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, үлкенге, ата-анаға деген құрметтің көрінісін көруге болады», - дейді «Кітап құрттары» ұйымының мүшесі Аян Сапарбай.