Бұған дейін әккі барымташылардың жеңіл көлікке сиырды мінгізіп алып кететінін еститінбіз. Ал, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы мал ұрылары бүтін бір жылқыны "ВАЗ-2106" көлігіне сыйдырып, ұрлап бара жатқан жерінен қолға түсті.
Тәртіп сақшылары күдіктілерді түнгі сағат екілер шамасында тоқтатқан. Әзер қозғалып бара жатқан автокөлік олардың күдігін тудырған деп мәлімдеді облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Барымташылар ұрланған жылқыны Бидайкөл ауылынан Қарғалыға алып бармақ болған екен. Көлікті тексеру кезінде полицейлер оның жолаушылар отыратын артқы бөлігінен тірі жылқыны көріп жағаларын ұстады. Ұрылардың жануарды "Жигулидің" салонына қалай сыйғызғаны белгісіз.
Ұсталған үш күдікті де Шиелі ауданының тұрғындары. Ең үлкені 41-де, кішісі 21 жаста. Жылқыны олар Бидайкөл ауылының тұрғынынан ұрлаған. Тергеу барысында күдіктілердің бас-аяғы 11 бас мал ұрлағаны белгілі болды. Қазіргі таңда осы деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталғандар уақытша қамау абақтысына жабылды.