Карантин режиміндегі рамазанда шымкенттіктер жарапазанды онлайн түрде айтуға көшті. Ескі дәстүрді бірі - аудио, енді бірі - видео жазба арқылы жаңғыртып жатыр. Дәстүрді жаңғыртқандардың арасында тіпті, табыс тауып үлгергендер де бар. Бірақ, "биылғы кіріс бұрынғыдай емес" дейді кәсіби жарапазаншылар. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлайды.
Рақымжан Бауыржанұлы жыл сайын рамазан айында үйді-үйді, дәмханаларды аралап жарапазан айтуды кәсіпке айналдырған. Өткен жылы бір айдың өзінде ол бір миллион теңге тапқан еді. Ескі әдетін әнші каратинде де қоя алмапты. Қазір ол әлеуметтік желіде жарамазан айтып жүр. Осы уақытқа дейін Рақымжан 15 мың теңге тапқан.
Рақымжан Бауыржанұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:
«Қалжың ретінде жарапазанмен қосып, есепшоттарымызды да жіберген болатынбыз. Кейін қарасақ, ел-жұрт ақша сала бастады. Қазірге дейін мың теңге таптым».
Бәрінен Түркістанның аруы асып түсті. Күнгейдің тұрғыны Индира Кәрібай жарапазан айтып бір сағатта 20 мың теңге тапқан. Бұған дейін ескі дәстүрді әдет қылмаған ол, жарамазан айтуға карантин сеп болды дейді.
Индира Кәрібай, Түркістан қаласының тұрғыны:
«Маған әпкемнен жарамазан хабарлама болып келді. Астыңғы жағына есепшот та көрсетілген екен. Қызық болып, өз есепшотымды жаздым. Және туған-туыстарыма тараттым. Бір сағатта 20 мың теңге жиналды. Осы уақытқа дейін жарапазаннан жиналған ақша 70 мыңнан асты».
Ересектер жарапазанды әлеуметтік желіде айтса, балалар ауызашар уақытын өз үйлерінде сүйіншілеп жүр. Осылайша, олар үйден алыстамай-ақ тәттілерге қарық болуда.
Жарапазанның тағы бірі әлеуметтік желіге хабарлама арқылы келуде. Онда хабарлама жолдаған жан соңғы жағына жеке счет нөмірін де көрсетіп қояды. Осылайша жерлестеріміз жылына бір келетін қасиетті айда ескі дәстүрге жаңа тыныс берді.