Астанада салынып жатқан "Абу-Даби Плаза" ғимараты соңғы бір айда екінші рет өртенді деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап. Оның айтуынша, өрт жер астындағы -2 қабатта орын алған.
"4 наурыз күні таңертең сағат 07:47-де Абу-Даби Плаза ғимаратының Түркістан көшесі жақ бетіндегі бөлігінен өрт шықты деген хабар келіп түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп, минус 2-ші қабатта минералды мақтаның (жылытқыш) жанып жатқанын анықтаған" деп атап өтті Иманқұлов.
Қызыл жалын 50 шаршы метр жерді шарпыған. Оны ауыздықтауға 5 негізгі техника мен 4 арнайы техника және 37 маман жұмылдырылды. Өрт таңғы сағат 08:50-де толықтай өшірілді. "Өрт шығудың себеп-салдары анықталуда. Оқиға орнында әлі мамандар жұмыс істеп жатыр" деді ТЖК-ның ресми өкілі.
Естеріңізге салайық, 13 ақпан күні дәл осы ғимараттың бір мұнарасы өртеніп кеткен болатын. Ол кезде дизельдік отынмен жұмыс істейтін қондырғылардың бірі жанып кеткен еді. Жалпы, нысандағы құрылыс жұмыстары 2017 жылы аяқталуы тиіс. Ол Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болады деп күтілуде.