01.05.2020, 05:10

Алматы облысында блокбекеттегі полицейлерге психологиялық көмек көрсетілуде (ВИДЕО)

«Ол қызметкерлердің экстремалды жағдайдағы әрекеттерге психологиялық даярлығын шыңдауға, олардың моральдық және физикалық шаршауын жеңілдетуге негізделеді»,- дейді психолог-инспектор.

Алматы облысында бекеттегі полицейлерге психологиялық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.

Арнайы тренингтер қызметкерлердің қасиеттерін күшейту және қалпына келтіру, шыдамдылығын шыңдау, сабырлық сақтау, азаматтармен қарым-қатынас, әсіресе, қызмет кезінде туындайтын қиын шақтарда, арандатушылармен байланыс кезінде өзін орынды ұстау мақсатында ұйымдастырылады.

«Бекеттердің жұмысына жұмылдырылған қызметкерлерге моральдық-психологиялық көмек көрсету – уақыт талабы. Ол қызметкерлердің экстремалды жағдайдағы әрекеттерге психологиялық даярлығын шыңдауға, олардың моральдық және физикалық шаршауын жеңілдетуге негізделеді»,- деп атап өтті Алматы облысы ПД психолог-инспекторы Алина Атабаева.

Аталған бағыттағы қойылған міндеттерді іске асыру үшін тиісті мамандардан құралған арнайы шағын топтар құрылды. Топ мүшелері кеше блок-бекеттерді аралады. Қызметкерлерге әдістемелік-практикалық көмек қызмет орындарында көрсетіледі.

«Біз тәртіп сақшылары жұмылдырылған барлық бекеттерді аралап шығуды жоспарлап отырмыз. Бірінші күні жүзден астам қызметкерге көмек көрсетілді. Жұмыс жоспарлы түрде кестеге сәйкес жасалады», - деді Алина Атабаева.

Физикалық жаттығулар психикалық-эмоцияналдық шаршауды басуға көмектеседі. Сонымен қатар, көшпелі тренингтер кезінде «Майнд машина» аудиовизуалды аппараты қолданылады. Ол миды аудиовизуалды ынталандыру арқылы қызметкердің эмоционалды жеңілдеуіне көмектеседі. 

Анықтама үшін: бүгінде Алматы облысында 118 бекет жұмыс істейді. Оның ішінде 77 санитарлық және 41 жолды бөгеу блокбекеттері бар. Бекеттердің жұмысына мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған.