04.03.2016, 11:14

Қытайда сотталған 4 қазақстандық жазасын елімізде өтейтін болды

Бүгін Қытай билігі Қазақстанның құқыққорғау органдарының өкілдеріне төрт ҚР азаматын қайтарды. Олар ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі (ШҰАӨ) аймағында  аса ауыр қылмыс жасағаны үшін өлім жазасына немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалған болатын.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 2-де (00.00 астана уақыты бойынша) олар жазасын елде өтеу үшін Үрімші қаласынан Алматыға қарай ұшып кетті.

Сотталған қазақстандықтарды беру «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы Келісім» аясында ҚХР-дағы ҚР-дың Елшілігінің көмегімен жүзеге асырылды. Келісім 2015 жылдың 30 қыркүйек күні  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға ресми сапары барысында күшіне енген болатын.

«Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттерде құқықтарын қорғау Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігінің консулдық  қызметіндегі басты бағыттарының бірі болып табылады. Жыл басынан бері біз  сотталушылармен олардың жағдайлары мен қандай да бір өтініштерін білу үшін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде (Үрімжі, Алтай, Құлжа қалаларында) екі рет кездестік», - деді ҚазАқпарат тілшісіне ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің  консулдық бөлімінің басшысы Болат Сырлыбаев.

Дипломаттың айтуынша, 2015 жылы ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің  консулдық бөлімінің қызметкерлері Гуанчжоу, Шэньчжэнь, Тяньцзинь, Сиань, Үрімжі,  Алтай, Құлжа қалаларына барып, Қытайда жазасын өтеп жүрген  ҚР азаматтарымен (15) кездесу өткізген. Б. Сырлыбаев сондай-ақ өткен жылы ҚР Елшілігінің  консулдық бөліміне Қазақстанның заңды және жеке тұлғаларының құқықтарын қорғау бойынша 89 өтініш келіп түскенін айтып өтті. Олардың әрқайсына заңды көмек көрсетілді.

Еске сала кетейік, 2015 жылдың 28 тамыз күні ҚР мен ҚХР арасындағы сотталған адамдарды беру туралы Келісім күшіне енбей тұрып, қытайлық тарап Қазақстанға  Қытайда ұзақ жыл бойы жазасын өтеп жүрген бес сотталушыны қайтарған болатын. Бұл ҚР СІМ, ҚР Бас прокуратурасы және ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің қытайлық әріптестерімен ұзақ жылдар бойы бірлесіп жасаған жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды.

Қазақпарат