2011 жылы Жапонияның солтүстік-батысында орын алған жойқын жер сілкінісінен кейін цунами пайда болып, Фукусима-1 АЭС-ін қиратқан болатын. Салдарынан мыңдаған тонна радиация ауаға тарап, экология орны толмас шығынға ұшырады.
Арада бес жыл өтсе де жапон билігі аталған апаттың салдарын жоя алмай келеді. Бүгінде Фукусима-1 станциясы орналасқан аймақта адам тұрмағанымен, жануарлар мен өсімдіктер әлемі тіршілігін жалғастыруда. Greenpeace экологиялық ұйымының мамандарының айтуынша, радиация салдарынан бүгінде АЭС айналасында түрлі мутацияға ұшыраған өсімдіктер мен жәндіктерді кездестіруге болады.
"Қылқан жапырақты ағаштардың, өзге де өсімдіктердің, көгілдір шөп көбелектерінің, құрттардың ДНК-сында ауытқушылықтарды анық аңғаруға болады" делінген ұйым өкілдері дайындаған баяндамада.
Айта кету керек, Фукусима-1 станциясына іргелес тұратын тұрғындар көшірілгенімен, жақын маңдағы елдімекендерде адамдар әлі тұрып жатыр. Билік ірі қалаларда радиациядан тазалау жұмыстарын жүргізіп, кіші ауылдарды ұмыт қалдырған.
Фукусима-1 оқиғасы 1986 жылғы Чернобыль апатынан кейін орын алған ең ірі АЭС апаты болып есептеледі.