Мәулен Әшімбаев Сенат депутаты лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Мемлекет Басшысының Жарлығымен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.
Президенттің жарлығымен Сенат депутаты болған Мәулен Әшімбаев президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.
Мәулен Әшімбаев - 1971 жылғы, Алматы қаласының тумасы. Экономист, қоғам қайраткері, саяси ғылымдардың кандидаты, үш тілді еркін меңгерген. Осы уақытқа дейін маңызды және жоғары лауазымды қызметтерді атқарған. Университетті бітіргеннен соң 1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеді.
1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі.
1995 жылғы маусым - қараша аралығында – Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты.
1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары.
1999-2000 жылдары – Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі.
2000-2002 жылдары – Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
2002-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
2005-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары.
2006-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
2012 жылғы ақпаннан бастап V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқаруда. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
2018 жылы 1 ақпаннан бастап- "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары.
«Құрмет» орденімен марапатталған.