09.05.2020, 01:05

«Рамазанда Алла Тағала мені еске алсын деп ескерту жіберді»: «Асыл арна» халықтың сенімімен ойнап отыр

Ертең сол ауылдағы мешіт «қасиетті құлшылық орнына» айналып, «ақтырналар» көбейсе, «Асыл арналықтар» осыған себеп болдық деп ойламай ма?

«Асыл арнаның» ролик жасаған редакторларының кім екенін, діни білімі бар ма, жоқ па, білмеймін. Жүргізуші Сырымның айтыскер ақын, филолог екенінен хабарым бар. Арнаулы діни білімі жоқ. Менің де діни білімім жоқ, Сырымға жауап беріп көрейін.

Сырым батыр не дейді? «Рамазанда Алла Тағала мені еске алсын деп ескерту жіберді» дейді. Түпкі себебін «түсінген». Жаратушының орнына үкім шығарудың қазіргі қоғамдағы көрінісі. Нақты үкім беріп тұр. Қорқынышты. Адамдар ертең күнә жасадың, мынау Құдайдың жазасы деп, қолына қару алып, жазаласа қайтеді?

Біздің ауылда мешіттің төбесі екі рет құлаған. Таудың етегінде тұрған соң, қар қалың жауады, имам өз үйінің төбесін күреп, үлгермей қалған болуы керек. Себеп – осы. Ауыл тұрғындары ақша жинап, төбесін екі рет жапты. Немесе түнеугүні ғана Стамбулда жер сілкінісі болып, мешіттің мұнарасы құлаған. Басқа ешқандай шығын болмады, ешнәрсе құламады. Мұның үкімі қандай? Кездессем, сұрармын.

Біріншіден, су тасқынының себебі қарапайым ғой. Су қоймасын сапасыз салды, бәлкім, бөлінген ақша желініп кетті. Жарылды, жолында тұрған үйлерді су алды. Әулие адамның үйі болса да су алатын еді.

Екіншіден, көбіміз мұсылманбыз, қателік жасаймыз, қасиетті Рамазан айында да қателік жасауымыз мүмкін. Ораза ұстамаған қанша адам бар. Кім қандай ескерту алды, мәселен? Егер Алла Тағала өзін еске алсын деп Рамазан айында су жіберген болса, ертең ахиретте көптеген сылтау пайда болмай ма. Созақ ауданының тұрғыны айтуы мүмкін, «Бізге Мақтаралдағыдай су жіберген жоқсың, сол үшін біз сені Рамазанда еске алмадық. Егер біздің ауылға топан су келген болса, сені есімізге алар едік», – деп, астапыралла.

Осы жерде «күшпен мұсылман қылу» деген түсінік пайда болмай ма? Бұдан алатын сабақ: су кеп қалады-ау деп үйді, қораны сапалы салу керек, болды. Алла Тағала бір жерге су жіберу үшін Су қоймасына мұқтаж емес. Аспаннан жаудыра салады. Ешқандай жауын жаумаған, су қоймасы болмаған Мақтаралға топан суды жібере салса, сол кезде ғана «ескерту» деп ұғыну керек. Сол кезде барып ойлану керек.

Мысалы, Алла Тағала Қағбаны қорғаған кезде, өзін қорғағанын білдіру үшін адам баласы мүлдем көрмеген құстарды жіберді. «Топпен ұшатын құс», «топ-топ құс» деген сияқты. Ол кұстың аты да жоқ. Құдай Тағаланың құдіретіне шек келтіріп, ширк жасамайық. Бүркітті, сұңқар, сауысқанды жіберсе егер, халық дәреже беріп, қасиетті құсқа айналдырар ма еді, бәлкім? Ертең сол ауылдағы мешіт «қасиетті құлшылық орнына» айналып, «ақтырналар» көбейсе, «Асыл арналықтар» осыған себеп болдық деп ойламай ма?

Алла Тағала Қағбаны қорғаған кезде Қағбаның өзін ғана емес, сол жерде тұрып жатқан халықты, дүние-мүлкін толық қорғаған. Алла Тағала бір нәрсені қорғайтын болса, кемшіліксіз қорғайды, мінсіз қорғайды. Мақтааралдағы жағдайда да Алла Тағала қорғамады дегенді көрсетпейді. Адамдардың бәрі аман, зиян тек мүлікке келді. Біздің діншілдер осыны айтса болар еді.

Адамсыз мешіттің ешқандай қадірі жоқ. Адамсыз мешітті мешіт деп айтудың өзі қиын. Мәселен, Мақтаралда су жетпеген, мүлдем зиян келтірмеген қора, қойма бар шығар. Соны Алла қорғап қалды деп, ешкім жазбайды, мәселен. Мешіт халық түсігінде «Алланың үйі» болып қалған соң, оның айналасындағы барлық нәрсе құдірет, қасиет, мұғжиза болып көрінуі мүмкін.

Қарапайым халық ойласа болатын шығар. Бірақ, оны эфирге шығарып, дәл осылай халықтың сенімімен ойнау – ұят нәрсе. Кешіріп қойғайсыздар!

Мақтарал оқиғасынан қандай сабақ алу керек? Қызылағаш трагедиясы қайталанбас үшін, су қоймаларын реттеу керек. Қауіптің бетін қайтару керек.

P.S. Сосын «Асыл арна» қайырымдылық жасау үшін барған еді Мақтааралға. Қайта берсе болатын шығар...

Бауыржан КАРИПОВ