Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық" ММ Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында құстардың қырылып қалуының себебін анықтады. Мамандар құстар уланбаған деген қорытынды шығарды. Бұл туралы қала әкімдігінің Tengrinews.kz жолдаған ресми сауалға берген жауабында айтылады.
"Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық" мемлекеттік мекемесінің қорытындысына сәйкес:
құс тұмауы, Ньюкасл ауруы, орбитоз, хламидиоз, пастериоз сияқты инфекциялық аурулар анықталмады; ағзасында ауыр металдар, хлор табылмады;
құстардың асқазаны бос болды.
"Ветеринарлық зертхананың құстар уланбаған деген қорытындысына, оның ішінде хлормен уланбағанына қарамастан, барлық мердігер ұйымның дезинфекциялық құралдарының құрамы тексерілді. Барлық құрал стандартқа сәйкес болып шықты және адамдар мен жануарларға еш зияны жоқ", - делінген Алматы әкімдігінің жауабында.
Еске салайық, 25 наурызда әлеуметтік желілерде Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағында қырылып қалған құстардың видеосы пайда болған. Алдын ала болжам бойынша құстар уланғаннан қырылуы мүмкін деген ақпарат шыққан болатын.