Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзі жарияланды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Құрметті кеңеске қатысушылар!
Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр.
Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өттік.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды.
Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды.
Енді Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады.
Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды.
Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр.
Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті.
Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады.
Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады.
Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты.
Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады.
Саябақтар ашылады.
Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді.
Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.
Көптеген шектеулер алынып тасталды.
Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн.
Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек.
Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс.
Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді.
Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді.
Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі.
Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді.
Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс.
Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе.
Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет.
Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін.
Сондықтан, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек.
Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды.
Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда.
4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде.
1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде.
Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді.
Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады.
2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді.
Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді.
700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды.