Астана қалалық Ішкі істер департаментінің екі қызметкері медуниверситет студенті Ерасыл Әубәкіровтің мәйітін суретке түсіріп, оны әлеуметтік желілер арқылы таратқаны үшін жазаланды. Бұл жайында департаменттің баспасөз хатшысы Алмас Сәдубаев мәлімдеді деп жазады Tengrinews.kz.
ІІД бұған дейін WhatsApp желісі арқылы тараған мәйіттің суретін ең алғаш болып кімнің таратқанын тексерген болатын.
"Тексеру нәтижесінде ІІМ басшылығы қойған талаптарды және қылмыстық-процессуалдық заңнаманы бұзғаны үшін Астана қалалық ІІД-нің жауапты екі қызметкері тәртіптік негізде жазаланды" деді А.Сәдубаев.
Сонымен қатар, департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасы сотқа дейін құпия ақпараттарды жариялағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 423 бабы бойынша тексеру жүргізуді бастап кетті. Тексеру нәтижесінде ведомствоның өзге қызметкерлерін жазалау мәселесі шешімін таппақ.
Естеріңізге салайық, 23 жастағы Ерасыл Әубәкіров 3 ақпан күні із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Араға бір апта салып полицейлер оның өлі денесін Астана іргесінен тапты. Шұғыл іздестіру жұмыстары барысында осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 4 адам ұсталған. Қазір оларды тергеу амалдары жүріп жатыр.