ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирус инфекциясымен күресуге тартылған дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеудің одан әрі жалғасатыны туралы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Үкімет сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу үшін Үкіметке 40 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.
«Төлемдердің жартысы төленді. Қалған бөлігі биыл тамыз айына дейін төленетін болады», — деді вице-премьер.
Сонымен қатар Е. Тоғжанов жұмысқа шығатын ата-аналарға қолайлы болу үшін балабақшаларда кезекші топтар ұйымдастырылатынын айтты. Бірақ санитарлық нормаларды сақтау қажет болады.
«Мысалы, балабақшаларда әрбір топта 25-30 баладан бар. Карантин кезеңінде сақтық шараларын ескере отырып, топтардағы балалар санын 15-ке дейін ғана жеткізу керек. Бұл ретте жұмыс істейтін әр ата-ананың балаларын балабақшада қалдыру мүмкіндігі бар екенін атап айтқым келеді», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.