$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте COVID-19-дан тағы бір өлім жағдайы тіркелді

Бір күнде 9 кісі ауру жұқтырыпты.

Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастады дегенде, тағы бір адам қайтыс болды. Ол – 65 жастағы Шымкенттің тұрғыны. Ал өзге өңірлерде Covid-19 вирусының тарауы да әлі тоқтамады. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында. Мұнда, төрт күнде 21 адамның қауіпті кеселге шалдыққан. Маңғыстауда да жағдай жетісіп тұрған жоқ. Бір күнде 9 кісі ауру жұқтырыпты. Атырауда облыстық перзентхананы жабуға тура келді. Себебі, үш жүкті әйелдің қатерлі індетке шалдыққаны анықталған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

COVID-19 вирусын жұқтырудан Шығыс Қазақстан облысы көш соңында болған. Бірақ айналасы төрт күнде 21 адам осы кеселге шалдығып, жалпы көрсеткіш 51-ге жетті. Жергілікті билік: «Індеттің тез тарауы – халықтың жағдайға немқұраулы қарауынан» - дейді. Бұқара жұқпадан сақтануды ұмытып, сауық құруға кіріскен. Отбасылық жиын-тойдың кесірінен бір әулеттен 12 кісі коронавирусқа шалдығыпты.  

"Көшеде бетпердесіз жүру әдетке айналып барады. Бұл дұрыс емес. Тәртіп-талап баршаға ортақ. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Баршаңызды бекітілген ережеге бағынып, тәртіпті қатаң сақтауға шақырамын", - деді Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов.

Ақмола облысында да бір отбасындағы  төрт адамнан вирус анықталды. Ерлі-зайыптылар мен 16 және екі жастағы балалар – Қоянды ауылының тұрғындары. 43-тегі отағасы Астанадағы сауда үйлерінің бірінде жұмыс істеген. Сол кезде ол індетке шалдыққан адаммен байланыста болып, кейін ем алғасын үйіне оралған. Бірақ сонда да әйелі мен ұлдарына ауру жұқтырып отыр. Қазір олар Көкшетаудағы стационарға жатқызылды.    

"Төртеуінде де коронавирус инфекциясы зертханалық жолмен анықталды. Жағдайлары ауыр емес. Бірақ, отбасында тағы 4 бала болғандықтан, жедел түрде оқшауланды. Үйінде қалған балалар да бақылауда", - деді Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.

Атыраудағы облыстық перинаталды орталық науқастарды қабылдауды тоқтатты. Өйткені мұнда 4 жүкті әйелде вирус бары белгілі болған. Сондықтан мекеме дезинфекциялауға жабылды. Ал ауырғандармен байланыста болған медицина қызметкерлері мен босанған келіншектер бақылауда.

"Аталған перинаталдық орталықта қазір 47 жүкті әйел босанғаннан кейінгі жағдай. Жақын қатынаста болды деп есептелген 15 жүкті әйел облыстық перинаталдық орталықта қосымша ашылған 20 орындық провизорлық кереуетке оқшауландырылды. Сонда 13 әйелдің 9-ы босанды", - деді Атырау облыстық ДСБ басшысының орынбасары Гүлнафис Танбаева.

Жамбыл облысында жұқпадан сауыққандар дерегі өсіп жатыр. Соңғы екі күнде кеселден айыққан 17 кісі үйіне оралған. Олар әлі екі апта дәрігерлер бақылауында болады. Жалпы өңірде вирусты жеңгендер дерегі 84 адамға жетті. Еліміз бойынша қатерлі дертке душар болғандар 5 мыңнан асты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#коронавирус